Мемлекет басшысы «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма төрағасын қабылдады
09.09.2021Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Шәріпбаевты қабылдады.
Мемлекет басшысы «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының биылғы сегіз айдағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштерімен танысты.
Қайрат Шәріпбаевтың айтуынша, магистральдық тасымалдау өткен жылмен салыстырғанда 14% өсіп, 65,4 млрд м3 құрады.
Осы кезеңде өткізілген газ көлемі 14,4 млрд м3 жетті, бірақ ішкі тұтынудың өсуіне байланысты газ экспорты 20%-ға қысқарып, 4,3 млрд м3 құрады. Ішкі нарыққа газ жеткізу 14% ұлғайып, 10,1 млрд м3 болды.
Қаржылық көрсеткіштер бойынша ұлттық оператордың табысы 8 айда 6% өсіп, 1,342 трлн теңгені құрады, ал таза пайда 55% өсіп, 304 млрд тг. құрады. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде «ҚазТрансГаз» АҚ ішкі нарыққа газды өзіндік құнынан төмен бағаға жеткізе отырып, отандық тұтынушыларды субсидиялауын жалғастыруда. 2021 жылы ішкі нарыққа газ өткізуден келетін шығындар 158,8 млрд. теңге болмақ.
Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша бюджетке салық және басқа да төлемдер ретінде 128,4 млрд теңге аударылды. Компанияның барлық табысы отандық газ тасымалдау жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға және борыштық жүктемесін азайтуға бағытталады. Сегіз ай ішінде «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобындағы өзге де кәсіпорындарды қосқанда 995 млн. АҚШ доларының кредиттік қарызы өтелді. Жалпы 2014-2021 жылдар аралығында ҚТГ компаниялар тобының борыштық жүктемесі 9,2 млрд. АҚШ доларына азайды.
Кездесу барысында газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту жобаларына ерекше назар аударылды. Бұған бірінші кезекте қолданыстағы «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырына қатарлас жаңа газ құбырын (лупинг) салу, «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-желісін салу және Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін қайта жаңарту, Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы «Сарша» мекені және «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыру жатады. Аталған жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Бұл жобаларды іске асыру үшін алда жоспарланған IPO нәтижесінде тартылатын «ҚазТрансГаз» АҚ жеке қаражаты да жұмсалмақ.
Мемлекет басшысына газ саласының әлеуетті жобалары да таныстырылды. Олардың ішінде қазіргі уақытта мүмкіндігі толық пайдаланылып отырған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жоспары да бар.
Кездесу барысында ресурстық базаны арттыру бойынша жобалар ұсынылды. Бұл Қашағандағы газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа кен орындарын іске қосу есебінен газ өндіруді ұлғайту.
«ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма Төрағасы ұлттық оператор компаниялары тобын цифрландыру жөніндегі жобалар туралы да баяндады. Газ тасымалдау жүйесі нысандарының цифрлық картасын жасау бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күні 2 млн. абонент, 19 мың км газ құбыры, 22 компрессорлық станция «цифрландырылды». 2023 жылға дейін тағы 47 мың км. тарату желісін «цифрлау» жоспарланып отыр. Бұл деректерді талдау арқылы техникалық қызмет көрсету мен жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік туады.
Президент елімізді одан әрі газбен қамтуға қатысты ұсынылған жобалар мен іс-шараларды қолдайтынын айтты.
Кездесу соңында Президент одан әрі іске асыруға қатысты бірқатар міндеттер қойды.