ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Бас директоры Қызылорда және Түркістан өндірістік филиалдарының ұжымдарымен кездесті
21.09.2022Қызылорда және Түркістан облыстарына жұмыс сапары кезінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт газбен қамтамасыз ету объектілерінің жылыту маусымына дайындығын тексерді. Қызылорда (ҚӨФ) және Түркістан (ТӨФ) өндірістік филиалдары басшыларының қаржы-шаруашылық қызметінің есебі мен жылыту кезеңіне дайындық аясында атқарылған жұмыс жөніндегі баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, өндірістік филиалдардың ұжымымен «ашық диалог» форматында кездесулер өтіп, өндірістік және әлеуметтік мәселелер талқыланды.
Бас директордың сапары Қызылорда өндірістік филиалынан басталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшысы Х.Мақсұт ҚӨФ ұжымымен танысып, Компанияның «Жаңарған QazaqGaz» атты жаңа көзқарастағы даму бағыттары туралы айтты, негізгі басымдық ретінде транспаренттілік пен ашық басқару қолға алынғанын баяндады.
Өз кезегінде ұжым қызметкерлері Компания басшылығына облыстың аудандық газ шаруашылықтарында апаттық диспетчерлік қызметтерді құру, қызметкерлердің басқа филиалдарға барып, тәжірибе алмасуы, метрология қызметін құруға жәрдемдесу, филиалдың апаттық қорын қалыптастыру және қаржыландыру қажеттігі сияқты мәселелерді жеткізді.
Филиал ұжымымен кездесуден кейін Х. Мақсұт күрделі жөндеуді қажет ететін газ учаскелерінің абоненттік бөлімдерін аралады.
- Қызылорда қаласы бойынша 7 (жеті) газ учаскесі бар. Инвестициялық бағдарлама аясында екі газ учаскесі күрделі жөндеуден өтті. Жоспар бойынша, биыл тағы бір газ учаскесін толық жөнделеді. Ал қалған 4 (төрт) газ учаскесін күрделі жөндеу үшін сараптама жасап, жобалық жұмыстарды орындауға қаражат бөлінді, – деді Х. Мақсұт.
Бұдан кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының сапары қарқынды дамып келе жатқан Түркістан қаласында жалғасты. Мұнда орналасқан Түркістан өндірістік филиалы – компанияның ең ірі филиалдарының бірі. Түркістанда «көгілдір отынды» тұтынушылар саны 30 мың (облыс бойынша 206 мыңнан астам) абонентке жақындады.
Филиал жетекшілерінің есебін тыңдаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт оларға алдағы жылыту кезеңінде тұтынушыларды қауіпсіз және үздіксіз газбен қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктеді.
Ал ұжыммен өткен кездесуде филиал қызметкерлерінің сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды. Кеңес барысында Бас директор «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлерін толғандырған мәселелер бойынша әр сенбі сайын жеке қабылдайтынын және әрбір қызметкер өз сұраулары мен ұсыныстарын арнайы поштаға жібере алатынын, онда олар дереу қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын хабарлады.
Кездесуде қызметкерлерді толғандырған мәселе ретінде медициналық сақтандыру қызметінің сапасы сұрағы көтерілді. Елдімекендер мен коммерциялық нысандарды жаппай газдандыру арқасында абоненттер санының күрт өсуі, сондай-ақ Түркістан облысының елдімекендерінің бір-бірінен қашық орналасуы – өндірістік-техникалық бөлім қызметкерлерінің, газбен жабдықтау режимі және газ сату қызметі мамандарының, газ көрсеткіштерін тексеруші контролерлардың санын арттыруды қажет ететіні баса айтылды.
Осы проблемалық мәселелердің барлығы Бас директор Х. Мақсұттың бақылауына алынды. Кездесу соңында Бас директор филиал қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, жұмыста табысты әрі белсенді болуға тілектестік білдірді.
Өндірістік филиалдардың ұжымдарымен өндірістік және әлеуметтік сипаттағы проблемалық мәселелер талқыланатын «ашық диалог» форматындағы мұндай кездесулер тұрақты негізде жалғасатын болады.