Шымкенттің бірнеше шағынауданы жаңа газ құбырына қайта қосылды
19.10.2022«Шапағат» шағын ауданында газ желілерін жаңғыртудың соңғы кезеңі іске асуда.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері табиғи монополияларды реттеу департаментінің және тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының өкілдерін, қоғам белсенділері мен журналистерді жұмыс барысымен таныстырды. Жұмыс аяқталысымен қаланың өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындары мен көпқабатты үйлері жаңа желілерге қайта қосылады.
«Шығыс, Солтүстік, Сайрам шағын аудандарында және қаланың орталық бөлігінде ескірген газ құбырлары толығымен ауыстырылады. Жоба бойынша 76 шақырым газ құбырын ауыстыру жоспарланған, оның 46 шақырымы – жерүсті ал, 30 шақырымы – жерасты газ құбырлары», – деді Шымкент өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Нұрбек Рахманов.
Жер астындағы болат газ құбырларын полиэтилен құбырлармен алмастыру – олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Ауыстырылған газ құбырлары апаттық жағдайлардың туындау мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.
Газ желілерін жаңғырту жобасы «ҚазТрансГаз Аймақ»АҚ Шымкент өндірістік филиалының меншікті инвестициялық бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың шілдесіне жоспарланған.
Айта кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегін алушылар көгілдір отынға жеңілдетілген тариф бойынша есептеседі. Яғни,бұл дегеніңіз қалған абоненттерге қарағанда 20% төмен төлейді
Газ жеңілдіктерін пайдалану үшін АӘК және тұрғын үй көмегін алушылар АӘК алушының мәртебесін растайтын құжаттарымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалына жүгінуі қажет.