«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жарты жылдың қорытындысын шығарды

28.08.2020

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Манас Тасыбаев Компанияның 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының нәтижесі туралы еңбек ұжымы алдындағы есеп беру кездесуін өткізді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еліміздің 10 облысы, республикалық маңызы бар Алматы мен Шымкент қалаларындағы 9 млн-нан астам тұрғын (бұл 1,95 млн жеке тұлға), 47 мыңға жуық кәсіпорынды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Тауарлы газ ішкі нарыққа 53 мың км асатын газ құбырлары жүйесі арқылы жеткізіледі.

Осылайша, өткен жарты жыл қорытындысына сай, абоненттердің жалпы саны 1 950 000-ға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% көп.

Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еліміздің 9 облысында елді-мекендерді газдандыру және қолданыстағы газ тарату желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.

Биылғы бірінші жартыжылдықта 3300 км газ құбырлары салынды, 3471 шкафтық, блоктық және жеке газ тарату пункттері орнатылды.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында тұрғын үй құрылысы, ТҮКШ саласындағы инфрақұрылымдарды қаржыландыру, жол құрылысы, шағын және орта бизнесті қаржыландыру жаңа серпін алды. Газдандыру қалалар мен шалғайдағы ауылдардың дамуына, өндірістік және әлеуметтік саланың одан әрі дамуына, көші-қонға оң әсер берді.

Кездесу барысында Манас Тасыбаев, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы мен «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын бойлай орналасқан Қарағанды облысындағы бірқатар елдімекендерде көшеаралық құбырларды салу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Ел астанасында үйге көгілдір отын кіргізуге рұқсат беретін беретін алғашқы техникалық шарттылықтар табыс етілді. «Көктал» және «Теміржолшы» ықшамаудандарының тұрғындары жыл соңына дейін ең ыңғайлы әрі таза отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ.

2020 жылдың 1 жартысында жеткізілген газ көлемі 6,8 млрд. м3 құрады, тасымалданған газ көлемі 5,4 млрд. м3.

Есеп беру баяндамасында Бас директор әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелерін де атап өтті. Ұжымдық шартқа сай, әлеуметтік кепілдіктер, медициналық сақтандыру, еңбекті қорғау және денсаулық, біліктілікті арттыру бағытында өткен жартыжылдықта алға қойылған міндеттер мен мақсаттар толығымен орындалды.

Компанияның басты міндеті – тұтынушыларды газбен тұрақты, үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндетті де компания абыроймен атқарып келеді.

Кездесу соңында Манас Тасыбаев қызметкерлердің сауалдарына жауап беріп, олармен компанияның әлеуметтік саладағы қызметін талқылады.

Байланыс мәліметтері

Жаңалықтар

Барлық жаңалықтар