Түркістан қаласындағы нан зауытына газ беру сұрағы шешілді

24.12.2020

Түркістандағы нан пісіретін зауытты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Кәсіпорын директоры Насиба Атаева:

«Бір апта болды, газға қатысты барлық мәселеміз шешілді. Бір аптадан бері нан пісіріп жатырмыз. Бізге газ берілді. Қысым өте жақсы. Барлық дүкендер жұмыс істейді, барлық пештер қалпына келтірілді, зауыт күндіз-түні толық қуатында жұмыс істеп тұр».

Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» ЖШС наубайханасындағы көгілдір отынға қатысты мәселе кәсіпорын иелерінің «кеңпейілдігі» арқасында туындады. 2013 жылы нан зауытына жеке газ желісін жүргізген кәсіпорын иелері өз құбырларына жаңа абоненттерді қосуға рұқсат берген. Нәтижесінде тек зауытқа ғана газ жеткізуге арналған құбырдан бірнеше тұтынушы газ алып, салдарынан газ қысымы күрт төмендеді, наубайхана пештеріне газ жетпей қалды.

«Шындығында, бір кездері гидравликалық есептеулер жүргізіліп, кәсіпорында қажетті газ көлемін ғана өткізуге мүмкіндік беретін жабдықтар орнатылды. Басқа абоненттерге қосылуға рұқсат бере отырып, кәсіпорын иесі өз білместігінен тұтынушыларды бірнеше есе арттырды. Құбырдың газ өткізу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ол құбырға белгіленген мөлшерден артық газ жіберуге болмайды, өйткені мұндай әрекеттер зауыт жабдықтарын зақымдап қана қоймай, құбыр жарылу сияқты қайғылы салдарға да әкелуі мүмкін еді», – деп түсіндірді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының мамандары.

Мәселе нан зауытының газ құбырына қосылған тұтынушыларды әкімдік жүргізген газ желілеріне қайта қосу арқылы шешілді.

Дегенмен, Түркістан қаласы бойынша «Ақ жол» ЖШС сияқты проблемалық өзге де нысандар бар. Енді газ мамандары түрлі мердігерлердің қала мен облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша салған газ желілеріне қатысты туындайтын мәселелерін  шешумен күнделікті айналысуда.

Жалпы, 2018 жылдан бастап Түркістан қаласында бюджет қаражаты есебінен газ желілері белсенді түрде салынып жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімі газ қосудың 13 кешенін бекітті. Бюджет қаражаты есебінен салынған газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 1 217 км құрайды. Түркістан қаласының жаңа әкімшілік орталығын газдандыру жоспары бойынша да кешенді жұмыстар жүруде.

Газ тарату желілеріне қызмет көрсету кезінде құбырларға су жиналуы, газ жабдықтарының (редукторлар, өшіру клапандары) ақаулары сияқты проблемалар кездесуде. Мұның бәрі мердігерлердің газ құбырларын салғанда өз істеріне салғырт қарағандығынан, жұмысты сапасыз жасағандықтан орын алатын жайттар.

Нәтижесінде тұрғындар тарапынан шұғыл шақырулар көбейеді. Мәселен, жылыту маусымы басталғалы газ апаттық қызметі конденсаттың пайда болуынан туындаған 270-тен астам апаттық сұраныс пен қауіпсіздік автоматикасының жұмысына байланысты 220 сұраныс бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Байланыс мәліметтері

Жаңалықтар

Барлық жаңалықтар