Жамбыл облысының басым бөлігі табиғи газбен қамтылған
09.02.2022Былтыр жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Әулие Ата өңірінің гадандырылу көрсеткіші 88,5 пайыздан асты. Биыл осы бағыттағы шаралар одан әрі жалғасады. Газбен жабдықтауға қатысты бірқатар мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында өткен жиында талқыланды.
Аймақ басшысы былтыр Қордай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Дегенмен жүзеге асуы тиіс жобалар да аз емес.
Жаңатас қаласы әлі күнге газға қосылмаса, Мойынқұм ауданының тұтастай халқы «көгілдір отынның» келуін асыға күтіп отыр. Осы екі ауданды газдандыруды біз ертерек шешкеніміз жөн, – деді облыс әкімі.
Газға қосылған елді мекендер саны артқандықтан, тұтыну көлемі де өсіп келеді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы директорының айтуынша, бұл көрсеткіш 30 пайызға көбейді. Сонымен қатар, Қаратаудағы газ құбыры желісі күрделі жөндеуден өткен. Осы салада еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға, әкімшілік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен.
Істелген жұмыстарды жоғары бағалаған Б.Сапарбаев, алда тұрған міндеттердің де ауқымды екенін атап өтті.
Кейбір ауылдарда газ бар, бірақ сол ауылдағы мектепке, ауруханаға газ жетпеген. Газ кірген ауылдардағы мектептер неге көмір жағуы тиіс? Бұл тұрғыда жергілікті билік, аудан, ауыл әкімдіктері филиалмен бірлесе отырып, істі ұтымды үйлестіре білуі маңызды, – деді Б.Сапарбаев.
Газдың экономикаға, әлеуметтік салаға әсері маңызды. Бірқатар кәсіпорындардың жұмысына табиғи отынның жоқтығы қолбайлау болып отыр, – деп атап өтті аймақ басшысы.