Тауарлық газға баға белгілеудің жаңа моделі жасалуда
15.02.2022Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу жалғасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, саланы «қайта жүктеуге» бағытталған Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуде. Кешенді жоспардың жобасы мынадай іс-шаралар қамтиды.
Бірінші – геологиялық барлау мен жаңа және де қолданыстағы кен орындарында газ өндірудің жаңа жобалардың есебінен газдың ресурстық базасын ұлғайту. Газ ресурстарын ұлғайту үшін барлық кезеңдерде газ жобалары үшін преференциялар және жеткізуші инфрақұрылымды салу қажет. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ынталандыру бағасын беру, сондай-ақ газ айдау бағдарламалардың орындылығын қайта қарау мәселелері пысықталуда», – деді министр.
Екіншіден, министрлік газға баға белгілеудің жаңа моделі бойынша жұмыс жүргізеді. Аталған модельде қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігі және коммерциялық тұтынушыларға бағаның нарықтық бағалар деңгейіне көтерілуі назарға алынуы тиіс.
«Үшіншіден, негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңес заманында салынған және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауқымды күрделі қаржы салымын қажет етеді. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйіне техникалық аудит жүргізу, сондай-ақ қаржыландыру көздері мен инвестицияларды қайтару тетіктерін айқындау керек.
Төртіншіден, тұрақты газдандыруды жалғастыру үшін Газдандырудың Бас схемасы өзектендірілетін болады және газдандыру нысандарын ұлттық оператордың балансына беру бойынша қағидалар оңайлатылады.
Жалпы, жоғарыда көрсетілген іс-шараларды қабылдаудың арқасында 2030 жылға қарай:
– тауарлық газ өндірісін 42 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға;
– газ инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға;
– халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, баға белгілеудің қажетті моделін енгізуге;
– елдің газдандыру деңгейін 65 пайызға дейін ұлғайтуға қол жеткізіледі деп жоспарлануда.