Кәсібін көркейткен қыз-келіншектер
05.03.2022Газ саласының қызметкерін елестеткен кезде, бірден каска киіп, мазут пен мұнайға былғанған жұмыс киімдегі және бет әлпетін аяз бен жел қаққан ер адамның бейнесі көз алдыңа келері анық… Бұл мамандық иелері мүлде басқа бейнеде болатыны – ойға да келмеуі мүмкін. Әр шаңыраққа жылу мен жайлылық сыйлап жүрген газ мамандарының қатарында отбасыларының ұйытқысы болған нәзік жанды қыз-келіншектер мен аналар, тіпті әжелер де қызмет етіп келеді.
Сонымен, 8 Наурыз – көрікті көктем мерекесі қарсаңында біз сіздерді кәсіби қалыптасудың барлық кезеңдерінен өтіп, лайықты қызмет етіп жүрген тамаша әйелдермен, QazaqGaz ұлттық компаниясының шын шеберлерімен таныстыруды жөн көрдік.
Жұмыс және отбасылық дәстүрлер
Әлия Ишанғалиева: «Барлық қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеу – мен үшін үлкен мәртебе».
Әлия Ишанғалиева – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы. Мұнай-газ саласында 37 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
Батыс Қазақстан облысында, үлкен отбасында дүниеге келген Әлияның төрт әпкесі және екі ағасы бар. Мектепті бітіргеннен кейін үлкен әпкесі тұрған Алматыға қоныс аударады. Онда бойжеткен құрылыс техникумына оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін «Алма-АтаГоргаз»-да слесарь болып жұмысқа орналасты. Сол жылдары қаланы белсенді газдандыру басталып, жұмыс қарқын алған кез болатын. Әлия өзін жақсы жағынан көрсетіп, қарапайым слесарьдан участок мастері лауазымына дейін көтерілді.
Кәсіби қызмет жылдарында көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешкен Әлия есте ерекше қалған бір сәтпен бөлісті… Бір күні, қала маңындағы кентте жұмыс істеп жүрген ол газ пешіне қауіпсіздік ережелерін өрескел бұза отырып және редукторсыз, тікелей қосылған газ баллонын тауып алады. Түскі ас дайындалып жатқан пештен де баллоннан да улы газ таралып жатқандықтан әп-сәтте жарылыс болуы мүмкін еді. Дер кезінде және асқан сабырлықпен үйдегі адамдарды далаға шығарып, баллонды өшірген мастер сол жолы үлкен қайғының алдын алған болатын.
Қазір Әлия кеңседе жұмыс істейді, оның міндетіне газ желілерінде және газдандыру бойынша реконструкциялау, жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша сметалық құжаттаманы жасау және жоспарларды қалыптастыру кіреді. Көп жылдық адал еңбегі және еліміздің мұнай-газ және энергетика саласын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Әлия Ишанғалиева KAZENERGY қауымдастығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Әлия: «Мен өз жұмысымды жақсы көремін, сондықтан осы бір мекемеде 37 жыл өмірім қалай тез сырғып өткенін байқамай да қалдым. Мен үшін барлық қазақстандықтардың игілігіне жұмыс істеу және еңбек ету үлкен мәртебе» – дейді.
Әлияның тағы бір құрметті және сүйікті мәртебесі – әже болу. Оның екі немересі бар, күйеуімен бірге әр демалыс сайын солардың жанында болуға тырысады.
«Менің отбасым демалыс күндерін асыға күтеді, өйткені мен оларды еркелеткенді жақсы көремін», – дейді Әлия Ишанғалиева. – Таңғы асқа құймақ және кешкі асқа ет дайындаймын, бұл біздің отбасылық дәстүрімізге айналды» – дейді асыл әже.
Сабақтастық және шеберлік
Любовь Неупокоева: «Біз адамдардың жақсы және жайлы өмір сүруі үшін барлығын жасаймыз».
Любовь Неупокоева – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы. Келесі жылы ол газ саласындағы жұмысының ширек ғасырлық мерейтойын атап өтпек.
Любовь – Алматының тумасы, сондай-ақ – бүкіл отбасы мүшелері газ мамандарының династиясын құрап отыр. Оның әкесі, ағалары және тіпті күйеуі – барлығы газ саласында жұмыс істейді: газ құбырларын жобалаудан бастап, оны салу, іске қосу, бақылау, компрессорлық станцияларды монтаждап, газ инфрақұрылымын қалыптастырумен айналысып келеді. Сондықтан мамандық таңдауда өзге таңдау болған жоқ – тағдырын осы саламен байланыстыруға шешім қабылдады.
Еңбек жолын 1998 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «экономист» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін «АлматыГоргаз» МХ МКК-да бастады. Осы жылдар ішінде еліміздің ең үлкен мегаполисі, Іле Алатауының інжу маржаны – Алматыны газдандыру бойынша барлық маңызды құжаттар мен жобалар дәл осы кісінің бөлімі арқылы өтті.
2007 жылдан бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік-техникалық департаментінде жұмыс істейді. Қазір Любовь өндірістік жоспарларды, газ құбырларындағы жұмыстарды ұйымдастыру кестелерін орындау бойынша барлық процестерді бақылайды, газ шаруашылығы объектілерінің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын бақылауды жүзеге асырады. Бұл ретте, ол қаланы газдандыруға қатысты құжаттардың тиісті және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етіп келед.
Адал еңбегі, кәсібилігі және газ саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталған.
Любовь өзі туралы былай дейді: «Мен өмірде белсенді адаммын. Әрқашан бәрін ұқыпты және уақтылы жасауға тырысамын. Жұмыста мен бірегей көзқарасты ұстанамын және әрдайым сыпайылық болғанын қалаймын. Мен газ саласына қатысым барлығын мақтан тұтамын, өйткені біздің компания адамдар жақсы және жайлы өмір сүруі үшін барлығын жасап келеді!»
Қолы қалт еткенде барлық бос уақытын отбасына – күйеуіне, екі қызы мен ұлына арнауға тырысады. Жазда табиғат аясында демалып, балық аулауға барады. Қыста міндетті түрде тауға шығп, шана, шаңғы, коньки тебуге құмар… Любовь Алматы таулары – бұл қаланың қарбаласы мен шуынан демалып қана қоймай, өзін сынап көруге және өзінің не істей алатынын түсінуге болатын ерекше орын деп санайды.
Әке ізін жалғаған
Жамила Оразалина: «Біздің өңірде жақсы өмір сүру үшін, күндіз-түні жұмыс істеуге дайынмын».
Тағы бір кейіпкеріміз – еліміздің мұнай – газ астанасы – Атырау қаласынан. Жәмила Оразалина – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы. Биыл ол газ саласындағы жұмысының 35 жылдығын атап өтуде.
Жәмила Гурьев қаласының тумасы. Орта мектепті үздік бітіргендіктен Алматы сәулет-құрылыс институтына «жылумен, газбен жабдықтау және желдету инженер-құрылысшысы» мамандығы бойынша оқуға да оңай түскен. Жас қыздың алдында мамандық таңдау мәселесі тұрмады, ол мұнай-газ саласына әкесінің жолымен келуді жөн санаған. Құбай Оразалин ең танымал қазақстандық геологтардың бірі, Кенбай мұнай-газ кен орнын алғаш ашушылардың бірі болған.
Институттан кейін жас маманды «Гурьевоблгаз» өндірістік бірлестігіне инженер болып жұмыс істеуге жібереді, онда толығымен жұмысқа кірісіп, бір жылдан кейін жетекші маман болды. Содан кейін «Атырауоблгаз» АҚ-да жұмыс істеді, онда Жәмила газ объектілерінде күрделі құрылыс салу жоспарын орындауға белсенді қатысты, газ желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарына бақылау жүргізді, салынған газ құбырларын қадағалады.
Атырау мен бүкіл облысты сұйытылған газдан табиғи газға ауыстыра бастағанда, Жәмила аймақтық газдандыру бағдарламасын әзірлеуге атсалысқан белсенді мамандардың қатарынан табылды. Бұл кезең – ең қызықты, бірақ сонымен бірге ең қиын шақ болды. Олар күндіз-түні жобалар дайындаумен айналысты, содан кейін оларды арнайы комиссия алдында қорғау міндеті тұратын. Есесіне осы жобаны іске асырудың арқасында Атырау облысының елді мекендерін газдандырудың жалпы көлемі 30-дан 96%-ға дейін жеткізілді!
Газ шаруашылығы жүйесіндегі жұмысы үшін Жәмила Оразалина бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Оның ұлы да мұнай-газ саласында аға геолог болып жұмыс істейтінін айта кету керек.
Жәмиланың айтуынша, қазір ол бос уақытын немерелерімен өткізуге тырысады. «Ұлым вахталық әдіспен жұмыс істейді және бір айлап үйде болмайды. Келінім авиакомпанияда ауысыммен жұмыс істейді, сондықтан олар маған немерелерін қамқорлыққа қалдырады. Ал мен үшін бұдан артық қуаныш жоқ!» – деп, Жәмила шаттық сезімімен бөлісті.