Ақмола облысында алғашқы абоненттер магистральдық газ құбырына қосылды

02.09.2022

Бүгін Аршалы ауданында тұрғын үйлерді «Сарыарқа» магистралды газ құбырына қосу рәсімі өтті. Салтанатты шараға өңір басшысы Ермек Маржықпаев пен ҚазТрансГаз Аймақ АҚ бас директоры Хакім Мақсұт қатысты.

«Бүгін біздің облыс үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында облысқа газ жеткізілді. Елді мекендерге газ кезең-кезеңмен жіберілуде. Бірінші кезеңде біз 20 елді мекенді газға қосамыз. Осы ретте, бізбен тығыз жұмыс істеп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ серіктестерімізге алғыс айтамыз. Екі жыл ішінде біз мың шақырымға жуық құбыр тартып, табиғи газ өткізілді», – деп атап өтті облыс әкімі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшысы Хакім Мақсұттың айтуынша, қазіргі таңда газ жүйесіне Түрген, Донецкое, Анар, Ақбұлақ, Ақтасты ауылдары қосылған. 1000-ға жуық үй көгілдір отынға қол жеткізді, жылыту маусымы басталғанға дейін тағы 5200 абонент қосылады.

Түрген ауылындағы алғашқы абоненттердің бірі – Семенковтар отбасы болды.

«Біз көпбалалы отбасымыз, бес баланы тәрбиелеп өсірдік. Олардың екеуі қазірдің өзінде өз күндерін өздері көруде. Тағы екеуі университетте оқиды. Үйімізге алғашқылардың бірі болып газ тартылғанына қуанып отырмыз. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен құрмет. Ауыл тұрғындары газ тартылатын күнді асыға күтті», – дейді отағасы Валерий Семенков.

2023 жылы Аршалы ауданын газдандырудың соңғы кезеңі Жібек Жолы ауылында жүзеге асырылады. Яғни, бес газ реттегіш блокты пункттерді орнату арқылы 229,054 шақырым газ тарату желілері іске қосылады.

Осылайша, 2020-2023 жылдар аралығында аудан бойынша 574,66 шақырым газ құбыры пайдалануға беріледі. Табиғи газ 8230 тұрғын үйге жеткізіледі.

https://www.inform.kz/ru/podklyuchenie-sel-k-gazoprovodnoy-sisteme-nachalos-v-akmolinskoy-oblasti_a3974158

 

Байланыс мәліметтері

Жаңалықтар

Барлық жаңалықтар