«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау облысында 60 шақырымдық жаңа газ құбырын іске қосты
12.05.2023
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау облысында 60 шақырымдық жаңа газ құбырын іске қосты
Маңғыстау облысында ұзындығы 60 шақырымдық жоғары қысымды жаңа жерасты газ құбырын іске қосу салтанаты өтті. Ол Құрық ауылын «Сарша» жерімен және Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағымен байланыстырды. Бұл жобаны ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды.
Газ құбырын іске қосудың салтанатты рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов, «Самұрық-Қазына» қорының Басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ақбар Төлегенов және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт қатысты.
«Құрық ауылынан бастап Сарша мен “Жылы жағажай” аумағына дейін газ құбырын тарту осы аумақта орналасқан Құрық елдімекенін және ондағы өндірістік, курорттық нысандардарды да газдандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуы мен туристік әлеуетінің гүлденуіне тың серпін беретін жоба. Жалпы QazaqGaz өз есебінен Маңғыстау облысында 260 млрд теңгеден асатын сомаға бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр»,- деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ақбар Төлегенов.
Теңіз маңы аймақтарын газдандыру олардың курорттық әлеуетін дамытуға көмектеседі және жыл бойғы жұмысты қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе Маңғыстау облысына жыл сайын ағылып кеп жатқан туристер санының өсуі үшін де аса маңызды.
Жаңа газ құбырына жұмыс істеп тұрған бес демалыс базасы, сондай-ақ болашақта осы жерде салынады деп жоспарланған болашақ қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтары қосылады. Бір ғана «Жылы жағажай» курорттық аймағы сағатына шамамен 20 мың текше метр газ тұтынатын болады.
«Қазір Ақтау және оның маңындағы аумақтар қарқынды даму үстінде. Газ құбырының іске қосылуы нәтижесінде бұл жерде жақын арада жаңа тұшыландыру зауыты, ауыл шаруашылығы жылыжайлары, қонақ үйлер, тұрғын үйлер, ойын-сауық саябағы пайда болады деп күтілуде. Жаңа газ құбыры жаңа курорттық аймақты ғана емес, Ақтау қаласының өзін де таза отынмен қосымша қамтамасыз ететін болады. Ол қалаға «көгілдір отын» жеткізетін газ тарату желілерін бір шеңберге біріктіру арқылы тұрғындарды газбен жабдықтау сенімділігін арттырады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің өсуін ынталандыруға серпін береді» – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт.
Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретін тұщыландыру зауыты, салынып біткен соң, жаңа газ құбырының негізгі тұтынушыларының бірі болмақ.
Зауыт сағатына 21 мың текше метрге дейін газ тұтынатын болады. Бұл кәсіпорынның газға сұранысы «Жылы жағажай» курорттық аймағының барлық қонақ үйлері мен сауда орталықтарының газ тұтыну көлемінен артық болады деп күтілуде. Тұщыландыру зауытының қуаты сағатына 50 текше метрге дейін жетеді. Яғни, жергілікті тұрғындар күн сайын қосымша 1,2 миллион литр ауыз су алады деген сөз.
Газдандыру сонымен қатар аймақтың ауыл шаруашылығының дамуына да серпін береді. Табиғат ерекшелігіне орай, Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы алқаптары өте аз. Ауыл шаруашылығы өнімдері үнемі отын қажет ететін жылыжайларда өндіріледі.
Енді іске қосылған жаңа газ құбыры ауыл шаруашылығы өндірушілерінің газға деген сұранысын толық қанағаттандырады. Мысалы, Қарақия және Мұнайлы аудандарының шаруа қожалықтары мен жылыжайлары енді сағатына қосымша 36,5 мың текше метр газ алуға мүмкіндігі бар.