«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Маңғыстау өндірістік филиалының ұжымымен кездесті
15.05.2023«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Маңғыстау өндірістік филиалының ұжымымен кездесті
Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт өндірістік филиал ұжымымен «ашық диалог» форматында кездесу өткізіп, өндірістік және әлеуметтік мәселелерді талқылады. Маңғыстау өндірістік филиалы басшыларының филиалдың қаржы-шаруашылық қызметінің есебі мен 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмысы жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Филиал жетекшілерінің есебін тыңдаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Хакім Мақсұт тұтынушыларды қауіпсіз және үздіксіз газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар ауқымын белгілеп, мамандарға тиісті міндеттер жүктеді.
«Газға қатысты жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау облысы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады. Соның бірі ретінде Құрық ауылынан бастап Сарша мен “Жылы жағажай” аумағына дейін тартылған 60 шақырымдық жоғары қысымды жаңа жерасты газ құбырының құрылысын айтуға болады. Бұл жобаны ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өз қаржысы есебінен жүзеге асырды», – деп атап өтті Хакім Мақсұт.
Бас директор осы жобаға атсалысқан барлық мамандарға алғыс білдірді, өйткені 300-ден аса адам жұмыс істеген бұл жобаны жүзеге асыру барысында, жұмысшылар, тіпті кейбір жерлерде, өңірдің табиғи ерекшеліктеріне орай, техникасыз, қолмен жұмыс істеуге де мәжбүр болған.
Жаңа газ құбыры жаңа курорттық аймақты ғана емес, Ақтау қаласының өзін де қосымша таза отынмен қамтамасыз ететін болады. Ол қалаға «көгілдір отын» жеткізетін газ тарату желілерін бір шеңберге біріктіру арқылы тұрғындарды газбен жабдықтау сенімділігін арттырады.
Сондай-ақ, кездесуде өткен жылыту маусымының негізгі қорытындылары айтылып, келесі күзгі-қысқы кезеңге дайындық бойынша жұмыс жоспарлары белгіленді.
Кездесуде айтылған барлық сұрақтар Бас директор Х. Мақсұттың бақылауына алынды. Жиын соңында Бас директор филиал қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да жұмыста табысты әрі белсенді болуға тілектестік білдірді.
Компания басшылығының өндірістік және әлеуметтік сипаттағы проблемалық мәселелер талқыланатын «ашық диалог» форматындағы мұндай кездесулері өзге де өндірістік филиалдардың ұжымдарымен тұрақты жалғасатын болады.