Алдағы жылыту маусымына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ дайындығы кестеге сай жүруде
19.07.2023«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары алдағы жылыту маусымына газ нысандарын дайындау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық өткен жылыту маусымы аяқтала сала, наурыз айында басталды, бұл жұмыстар «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылығының ерекше бақылауында.
Бүгін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Ол Астана өндірістік филиалының алдағы күзгі-қысқы мерзіміне дайындығын тексерді. Сондай-ақ филиал ұжымымен кездесіп, алдағы қыс айларына дайындық бойынша өндірістік сұрақтарды талқылады.
Газ құбырлары мен құбыр бойындағы газ жабдықтарын тексеру-жөндеу жұмыстарының орындалуы белгіленген кестеден алда келеді, бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қысқы маусымға дайындығы 63% -ды құрайды.
Осы уақытқа дейін 817 газ тарату пунктіне, 83 674 шкафтық газ реттеу пунктіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жерасты газ құбырларын электрохимиялық қорғаудың тиімділігі тоқтаусыз тексеріліп жатыр. Бұл күрделі жұмыс та кестеден оза орындалуда. 733 шақырымнан астам газ құбырына арнайы аспаптық тексеру жүргізілді.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаровтың айтуынша, алдағы жылыту кезеңінде тұтынушыларды қауіпсіз және үздіксіз «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін қыс маусымына дайындық жұмыстары жаз бойы тоқтаусыз жүргізіледі.
– Астана өндірістік филиалының қыстың суық күндеріне дайындық барысы ойдағыдай, жоспарлы түрде жүріп жатыр, белгіленген кестеден кешігу жоқ. Осы аптада батыс өңірлеріндегі филиалдарымыздың жылыту маусымына дайындығын тексереміз. Одан кейін барлық басқа өндірістік филиалдардың қыс мезгіліне дайындығымен танысып шығамыз. Жылыту маусымына дайындықтың сапалы жүргізілуі «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы үшін жоғары басымдыққа ие. Осылайша, біздің мамандар тұрғындарға жылу мен жайлы өмірді қаматамасыз ету миссиясын адал атқарып жатыр – деді Б. Асқаров.
Жоспарлы жұмыстан өзге, газ мамандары тұтынушыларға табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігін үнемі еске салып отырады. Өңірлердегі өндірістік филиалдардың мамандары күн сайын елді мекендердің көшелерін аралап, үй иелеріне қауіпсіздікті сақтау жөнінде ақпарат беріп, тиісті жадынама-парақшаларды тоқтаусыз таратуда. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ әлеуметтік желілерінде газды қауіпсіз пайдалану бойынша бейнероликтер мен жадынамалармен таныса аласыздар.
Қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырумен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» тұтынушыларды газды үнемдеп пайдалануға шақырады. Бұл үшін, ең алдымен, есік-терезелердің саңылауын бітеу керек. Өйткені, қасбетті, шатырды, еденді сапалы жылылау мен энергияны үнемдейтін екі қабатты терезелерді қою арқылы жылу жүйесін өзгертпестен газ тұтынуды азайтуға болады. Қанша жерден заманауи газ қазандығы мен еден арқылы жүргізілген жылыту жүйесі болса да, есік-терезенің бітелмеген саңылауы мен жұқа қабырға үй ішінің жылуын ұстай алмайды.
Тұрғын үйді жылылаумен қатар, газ пешінің жабдықтарын дұрыс таңдау да газдың артық шығынының себебін жояды. Газды қалай үнемді тұтыну қажет, тұрғын үйді қалай дұрыс газдандырады, тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қалай сақтайды – осы сұрақтар бойынша барлық кеңес компанияның www.ktga.kz сайтында толығымен жазылған – («Тұтынушыларға» бөлімін қараңыз).
Қорыта айтқанда, бұл күндері «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы алдағы қыстың суығына дайындығын кестеден қалмай, уақытында атқарып жатыр. Өйткені, жаздың соңына дейін алдағы жылыту маусымына дайын болу – компанияның бүгінгі басты міндеті.