Тұтынушылар жылыту маусымында табиғи газды алаңсыз пайдалана алады
11.09.2023«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдағы жылыту маусымына белсенді дайындалуда және компания басшылығы барлық дайындық жұмыстарын жеке бақылауда ұстап отыр.
Еліміздің шығыс өңіріне барған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров ШҚО Зайсан ауданында орналасқан газ шаруашылықтарының алдағы қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Зайсан ауданы табиғи газды 10 жылдан бері пайдаланып келеді. Мұнда Зайсан қаласынан өзге 9 елді мекен газдандырылған.
Газ шаруашылығын тексергеннен кейін Бауыржан Асқаров Зайсан қаласында 10 жыл бұрын ең алғаш болып табиғи газға қосылған тұрғынның үйіне барды. Үй иесі Оралхан Құсмановпен кездесу барысында табиғи газды пайдаланудың тиімділігі атап өтілді.
– Мұнда бір тонна көмір 25 мың теңге тұрады, ал газ үшін айына 8 мың теңге төлейміз, егер газды 5 ай пайдалансаңыз – 40 мың теңге болады. Қыс мезгілінде көмірге екі жүз мың теңгеден астам жұмсар едік. Газымыз жанып тұр, мамандарға рахмет, арасында келіп тексеріп кетеді. Газымыз тұрақты болғандықтан, көмір мен отын сақтайтын сарайды бұзып тастадым, оның орнына гүл егіп, бау-бақша отырғыздым, – деді қонақтарға үй иесі.
Өз кезегінде Бас директор Бауыржан Асқаров компания үшін күзгі-қысқы жылыту кезеңіне лайықты дайындалу – басты міндеттердің бірі екенін, өңірлердегі газ шаруашылықтарының жұмысын тұрақты бақылау – газбен жабдықтау жүйесінің тұрақты және сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін айтты. Сондай-ақ, биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өз қаражатымен газ құбырларына құлыптау шар клапандарын орнатқанын, бұл газ құбырындағы апаттардың салдарын азайту үшін қажет екенін, яғни апат кезінде бүкіл қаланы емес, апат орын алған аумақты ғана ажыратуға болатынын атап өтті.
Сондай-ақ жылыту маусымының басталуы қарсаңында газ қызметкерлері қазақстандықтарды газды үнемді тұтынуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Үй мұржалары мен желдету арналарын уақтылы тексеру және тазарту, газдан ажырату автоматикасы бар дабыл қаққыштарды орнату – қауіпсіздік кепілі болып табылады. Бұл қарапайым ережелер табиғи газды пайдалану кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмауға көмектеседі.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеру нәтижесіне сай, Шығыс Қазақстан облысындағы газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы кезеңге 100% дайын. Барлық жоспарланған іс-шаралар уақытымен атқарылды, соның арқасында аймақ тұрғындары жылыту маусымында көгілдір отынды алаңсыз тұтынатын болады.