АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ МИЯЛЫ АУЫЛЫНА ГАЗ ЖЕТКІЗЕТІН ҚҰБЫРДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

19.09.2023

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров Атырау өңірін газбен жабдықтау объектілерінің алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысып, Мақат және Қызылқоға газ шаруашылықтарының жұмысын тексерді. Мақат ауданында табиғи газды шамамен 6 мың, Қызылқоға ауданында 5 мыңдай тұтынушы пайдаланады.

Атырау облысындағы негізгі мәселе – Қызылқоға ауданының Миялы ауылына газ жеткізетін жерасты газ құбырының көктемгі тасқында су бетіне шығып кеткені еді. Осы құбырды қалпына келтіру жұмысын Компанияның бас директоры өзі барып тексерді.

Миялы ауылының маңын көктемде су басып, ауылға барар жолды шаюмен қатар, ауылға газ жеткізетін ұзындығы 150 м құбырды су бетіне шығарып, апаттық жағдай орын алған болатын.

Газ құбырын қалпына келтіру мақсатында Атырау өндірістік филиалының мамандары көлденең-бағытталған бұрғылау әдісімен су астымен жаңа газ құбырын өткізді.

– Алдағы жылыту маусымына лайықты дайындалу үшін барлық өңірдегі газ шаруашылығын тексеріп келемін. Миялы ауылына газ жеткізетін мына газ құбырының су бетінде қалқып тұруы – Атырау облысындағы негізгі проблемамыз еді. Бұл мәселені де шештік, су астынан жаңа құбыр жүргіздік. Осылайша, тұрғындарға газды үздіксіз әрі апатсыз жеткізуге бағытталған басты міндетімізді орындап келеміз, – деп атап өтті Б. Асқаров.

Сонымен қатар, компания басшысы Атырау өндірістік филиалының ұжымымен кездесіп, өндірістік сұрақтарды талқылады.

Кездесу соңында Б.Асқаров сапалы жұмысымен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрінген мамандарды марапаттады. Филиалдың газбен жабдықтау режимінің инженері Анар Жарлыханова, сондай-ақ ішкі бақылау бөлімінің бас маманы Камшат Елешева «QazaqGaz» ҰК» АҚ алғыс хаттарымен марапатталды. Ал 2023 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысына орай еңбек қауіпсіздігі бойынша мінез-құлық аудитін белсенді және сапалы жүргізіп, бірінші орын алған Орынтай Тлепбергенова  арнайы марапатқа ие болды.

Байланыс мәліметтері

Жаңалықтар

Барлық жаңалықтар